Skip to content

Туберкулездің алдын алу

Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген. Яғни, аталған сырқат түрі тегін емделеді.

Жасыратыны жоқ, тұрғындардың басым көпшілігі өз денсаулығына немқұрайлы  қарайды. Денсаулықты ауырған кезде емес, ауырмас бұрын, үнемі күту қажет. Адамға берілген күш-қуат пен әр ағза қалыпты тепе-теңдікте, күтіммен жұмыс істеген жағдайда, ағза да Сізге ұзақ қызмет етеді. Себебі, адам ағзасы – өз заңдары бойынша жұмыс істейтін механизм. Таза ұстаса, тепе-теңдік сақталса, ағзаға қандай да бір салмақ түспесе, яғни артық жүктеме болмаса, ол бұзылмайды.

Ағзаның саулығы, негізінен, дұрыс тамақтануға, дұрыс демалуға, қимыл-қозғалысқа, өмір сүру салтына тікелей байланысты. Сондықтан дәруменді, қуатты тағамдармен уақытылы тамақтану керек. Ал салауатты өмір салтын ұстану, белсенді қимыл-қозғалыс денсаулықты одан әрі нығайта түседі. Темекі мен ішімдіктен алыс болған жөн. Ағзаның сыртқы әсерлерге қарсы тұру, күресу қабілетін, яғни иммунитетті күшейту қажет.

Ең бастысы, туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып

кетуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина қызметкерлері ғана емес, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өз-өзін күтуі қажет.

Профилактикалық тексерулер мен скринингтерден уақытылы өтіп тұрған жөн.

Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa туберкулез бактериялары түскенде дамитын созылмалы жұқпалы ауру. Адам ағзасының тырнақ пен шашты қосқанда, барлық органдары мен тіндерін зақымдайтын туберкулездің өкпеден тыс түрлері де дамуы мүмкін.

Туберкулез қоздырғышы – туберкулез таяқшасы, Кох таяқшасын – белгілі неміс ғалымы Роберт Кох 1882 жылғы 24 наурызда ашқан. 1982 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Халықаралық туберкулезбен және өкпе ауруларымен күрес одағы 24 наурызды ресми түрде Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні деп атауды ұсынды.

Аурудың негізгі көзі – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам, себебі оның қақырығынан туберкулез таяқшасы бөлінеді. Еденге немесе жерге қақырықты түкірген кезде ол шаңмен араласады. Осындай шаңмен демалған дені сау адамның туберкулезді жұқтыруы әдбен мүмкін. Адам туберкулез таяқшасымен зақымданған шикі сүтті және басқа да сүт өнімдерін пайдалану кезінде, ауру жануарға күтім жасау барысында туберкулезді жұқтыруы мүмкін.

Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас тиісті ем қабылдамаса, жылына 10-15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Алайда туберкулезді жұқтырғандардың барлығы науқас болып саналмайды, себебі иммундық жүйе қоздырғыш үшін тежеу бола алады. Иммундық жүйесі әлсіреген адамның ауруға мүмкіндігі жоғары. Көптеген адамдар өмір бойы туберкулез бактериясын жұқтырған болуы мүмкін, бірақ аз ғана бөлігінде ауру дамиды.

Уақтылы анықталып, дер кезінде емдеу басталғанда туберкулез емделетіндігін есте сақтаған жөн. Әйтпегенде, кеш анықталса, өлімге әкеп соқтыруы да әбден мүмкін.

Өкпе туберкулезін уақтылы анықтау үшін флюорографиялық, рентгенологиялық тексеруден өткізеді, кеуделік шағымдар болған жағдайда қақырық анализіне сараптамалар жүргізіледі (Гендік-молекулярлы Gxpert тәсілі, микроскопиялық ТБ таяқшасын анықтау). Балалардың туберкулезді жұқтыруын уақтылы анықтау үшін Манту АТР сынамасы салынады.

Туберкулез жұқтыру барысында аурудың дамуы мен ауыр ағымына ықпал ететін факторлар көп. Бұл – әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, психологиялық күйзелістер, ілеспе аурулар (қант диабеті, жарақаттар, созылмалы өкпе аурулары, АИТВ/ЖИТС), зиянды әдеттер.

Туберкулездің негізгі белгілері:

1.2 аптадан асатын ұзақ жөтел;

  1. салмағын жоғалту;
  2. тершеңдік;
  3. жалпы әлсіздік және тез шаршау;
  4. кеуде тұсының ауыруы;
  5. асқынған жағдайда қан түкіру;
  6. дене қызуының ұзақ уақыт көтеріңкі болуы.

Туберкулездің алдын алу шаралары

  1. БЦЖ вакцинасы перзентханада баланың 1-4 күндерінде міндетті түрде енгізіледі. Келесі ревакцинация 6-7 жаста жасалады. Бұлар өз кезегінде миллиарлы туберкулезден және туберкулезді менингиттің дамуы мен асқынуын және таралуын тежейді.
  2. Профилактикалық флюорографиялық тексеруден жыл сайын өтіп тұру.
  3. Науқас анықталған отбасыларында жеке бас гигиенасы ережесін сақтау – жуу құралдары мен ағын суды пайдаланып қолды, ыдысты жуу, бөлмеге ылғалды тазалық жүргізу және желдету.
  4. Дұрыс тамақтана отырып (ет, сүт өнімдері, балық, дән тағамдары, көкөністер мен жидектерді асқа жеткілікті мөлшерде пайдалану), салауатты өмір салтын ұстану, тұрақты түрде денешынықтыру жаттығуын жасау, қалыпты демалыс, таза орта, темекі, алкоголь, есірткіден аулақ болу.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *