Туберкулез – өте ауыр инфекциялық, жұқпалы ауру. Ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa туберкулез таяқшасы (Кох таяқшасы) түскенде дамитын созылмалы жұқпалы ауру.
Туберкулез адам ағзасының тыныс алу органдарымен қатар басқа да мүшелерді зақымдауы мүмкін, олар: лимфа бездері, бас миы, сүйектер мен буындар, бүйрек, зәр шығару және жыныс мүшелері, ішектер, көз және басқа мүшелер.
Туберкулезбен ауыратын адамнан туберкулезді жеңіл жұқтыруға болады.
Аурудың негізгі көзі – ашық түрдегі туберкулезі бар науқас адам, себебі оның қақырығынан туберкулез таяқшасы бөлінеді. Еденге немесе жерге қақырықты түкірген кезде ол шаңмен араласады. Осындай шаңмен демалған дені сау адамның туберкулезді жұқтыруы әдбен мүмкін.
Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас тиісті ем қабылдамаса, жылына 10-15 адамға дейін жұқтыруы мүмкін. Алайда туберкулезді жұқтырғандардың барлығы бірдей ауыра бермейді, себебі организмнің иммундық жүйесі қоздырғыш үшін тежеу бола алады. Иммундық жүйесі әлсіреген адамның ауырып қалу мүмкіндігі жоғары. Туберкулез микобактериясын жұқтырған адамдардың барлығы бірдей ауырмайды, оның ішінде 5-10% ауыруы мүмкін.
Туберкулез жұқтыру барысында аурудың дамуы мен ауыр ағымына ықпал ететін факторлар көп. Бұл – ілеспе аурулар (қант диабеті, созылмалы өкпе аурулары, өкпедегі кез келген қалдық өзгерістер, АИТВ/ЖИТС), зиянды әдеттер, сонымен қатар әлеуметтік тұрмыстың нашарлығы, дұрыс тамақтанбау, психологиялық күйзелістер,
Туберкулездің негізгі белгілері:
- жөтел 2 апта және одан көп уақыт;
- салмағын жоғалту, тамаққа тәбет төмендеу;
- тершеңдік;
- кеуде тұсының ауыруы;
- қан түкіру;
- жалпы әлсіздік және тез шаршау;
- дене қызуының ұзақ уақыт көтеріңкі болуы.
Осы белгілер біліне салысымен, тез арада аймақтық дәрігерге немесе фтизиатрға қаралу керек.
Туберкулезді рентген арқылы, яғни рентгенография, флюорография жасап анықтауға болады.
Бүгінде туберкулезге шалдыққандардың басым көпшілігін аурудан толық айықтыруға болатыны дәлелденген. Егер ауруды анықтау, емдеу жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып қадағалау арқылы үзіліссіз жүргізілсе, туберкулезбен ауырғандар бұл аурудан толық жазылады. Туберкулезді емдеу мерзімі ұзаққа созылады, тек сонда ғана адам бойындағы бүкіл туберкулез таяқшаларын толығымен жоюға болады. Туберкулездің емін қадағаламаса, дәрінің санын, мөлшерін уақытында дұрыс бермесе, ауру созылмалы, кейде емделуге келмейтін түрге айналып кетеді. Туберкулезді емдеу барысында әр түрлі халық емін қабылдауға да болады: қымыз, шұбат, прополис,бал, жаңғақ, дәрілік шөптер. Бірақ есіңізде болсын, бұл айтылғандардың ешқайсысы туберкулез таяқшаларын өлтіре алмайды, яғни туберкулезді емдейтін негізгі емге жатпайды.
Егер әрбір адам туберкулез туралы жетік білсе және бұл тұрғыда өзінің білімін күнделікті өмірде қолданса, аталмыш дерттің өршуіне және таралуына тосқауыл қоюға болады, сондықтан сау адам туберкулезді тек ауырғандардың ғана мәселесі деп санамау керек.
1982 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Халықаралық туберкулезбен және өкпе ауруларымен күрес одағы 24 наурызды ресми түрде Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күні деп атауды ұсынды.
Туберкулездің алдын алу:
- вакцина және БЦЖ ревакцинациясы;
- салауатты өмір салты;
- тиімді тамақтану;
- дене шынықтыру белсенділігі;
- зиянды әдеттерден бас тарту;
- флюорографиялық тексеруден жылына бір рет өту.
Шымкент қаласы
№8 қалалық емхана дәрігер фтизиатры Жолдыбекова З.Е.